×

Ошибка

The form #3 does not exist or it is not published.

Заң ерісі

Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы Қазақстан Республикасының Заңынан алынған үзінді

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңның мақсаттары үшiн мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) аккредиттеу - уәкiлеттi органның бухгалтерлердiң кәсiби ұйымдарының және осы Заңда көзделген, уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша куәлiкпен расталған, бухгалтерлердi кәсiби сертификаттау жөнiндегi ұйымдардың құқықтылығын тануы;

3) бухгалтерлердi кәсiби сертификаттау жөнiндегi аккредиттелген ұйым (бұдан әрi - сертификаттау жөнiндегi ұйым) - кәсiби бухгалтерлерге кандидаттарды сертификаттауды жүзеге асыратын, уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аккредиттелген заңды тұлға;

4) бухгалтерлердiң аккредиттелген кәсiби ұйымы (бұдан әрi - кәсiби ұйым) - бухгалтерлердің және (немесе) бухгалтерлiк ұйымдардың бiрлестiгi болып табылатын, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аккредиттелген коммерциялық емес ұйым;

5) бухгалтерлiк есепке алу тiркелiмдерi - бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiнде көрсету үшiн есепке алуға қабылданған бастапқы құжаттардағы ақпаратты қорытуға, жүйелеуге және жинақтауға арналған нысандар;

6) бухгалтерлiк ұйым - бухгалтерлiк есеп саласында қызмет көрсететiн, кәсiби ұйымның мүшесi болып табылатын ұйым;

7) жария мүдделi ұйымдар - қаржы ұйымдары (қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен жасалатын айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), акционерлiк қоғамдар (коммерциялық еместерiн қоспағанда), жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар (кең таралған пайдалы қазбаларды өндiретiн ұйымдардан басқа) және жарғылық капиталында мемлекеттiң қатысу үлесi бар ұйымдар, сондай-ақ шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген мемлекеттiк кәсiпорындар;

8) кәсіби бухгалтер – кәсіби ұйымның мүшесі болып табылатын, кәсіби бухгалтер сертификаты бар жеке тұлға;

9) кәсiби бухгалтер сертификаты (бұдан әрi - сертификат) - сертификаттау жөнiндегi ұйым берген, бухгалтердiң кәсiби бiлiктiлiгiн куәландыратын құжат;

10) қаржылық есептілік депозитарийі (бұдан әрі – депозитарий) – жылдық қаржылық есептілік және ұйымдар жыл сайын беріп отыратын аудиторлық есептер, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың корпоративтік оқиғалары туралы ақпарат қамтылатын, пайдаланушылар үшін ашық қолжетімді электрондық деректер базасы;

11) қаржылық есептiлiк стандарты - бухгалтерлiк есеп жүргiзу және қаржылық есептiлiк жасау принциптерi мен әдiстерiн белгiлейтiн құжат;

13) қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары (бұдан әрі – халықаралық стандарттар) және шағын және орта бизнес ұйымдарына арналған қаржылық есептіліктің халықаралық стандарты (бұдан әрі – шағын және орта бизнеске арналған халықаралық стандарт) – Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары жөніндегі кеңес бекіткен қаржылық есептілік стандарттары;

 2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

… 3. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, шағын кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен жасалатын айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалар қаржылық есептілік жасауды ұлттық стандартқа сәйкес жүзеге асырады.
     3-1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, орта кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ жедел басқару құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар (қазыналық кәсіпорындар) қаржылық есептілікті шағын және орта бизнес ұйымдарына арналған халықаралық стандартқа сәйкес жасайды.
      4. Iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi мен жария мүдделi ұйымдар қаржылық есептiлiктi халықаралық стандарттарға сәйкес жасауға мiндеттi.
      5. Есептік саясатты бекіткен басшы органдардың шешімі бойынша:
      1) осы баптың 3-тармағында көрсетілген ұйымдар қаржылық есептілікті халықаралық стандарттарға немесе шағын және орта бизнес ұйымдарына арналған халықаралық стандартқа сәйкес жасауға құқылы;
      2) осы баптың 3-1-тармағында көрсетілген ұйымдар қаржылық есептілікті халықаралық стандарттарға сәйкес жасауға құқылы.
         

8-бап. Бухгалтерлiк есептi ұйымдастыру

  1. Басшылық немесе дара кәсiпкер:
          1) есеп саясатын келiседi және (немесе) бекiтедi;
          2) бухгалтерлік есепті ұйымдастыруды, оның ішінде ұйым жасайтын барлық операцияларды бухгалтерлік есепте көрсету тәртібін регламенттейтін, бекітілген ішкі құжаттардың болуын қамтамасыз етеді.
          2. Басшылық немесе дара кәсiпкер есеп жұмысының көлемiне қарай:
          1) бас бухгалтер басқаратын құрылымдық бөлiмше ретiнде бухгалтерлiк қызмет құруды;
          2) штатқа бас бухгалтер лауазымын енгiзудi;
          3) бухгалтерлiк есептi жүргiзудi және қаржылық есептiлiктi жасауды шарт негiзiнде бухгалтерлiк немесе аудиторлық ұйымға немесе кәсiби бухгалтерге берудi;
          4) бухгалтерлiк есептi жеке жүргiзудi жүзеге асыра алады.
          Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ведомстволарына осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының күші қолданылмайды.
          Жария мүдделi ұйымдарға осы тармақтың 3) және 4) тармақшаларының күшi қолданылмайды.
          Халықаралық бухгалтерлер федерациясының толық мүшесi болып табылатын ұйым - шетел институтының мүшесi бухгалтерлiк ұйымға теңестiрiледi.
          Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 9-бап. Бухгалтерлiк қызметтiң басшысы

      Бухгалтерлiк есептi жүргiзудi, қаржылық есептiлiк жасауды және ұсынуды, есеп саясатын қалыптастыруды қамтамасыз ететiн бас бухгалтер немесе басқа лауазымды адам бухгалтерлiк қызметтiң басшысы (бұдан әрi - бас бухгалтер) болып табылады.
      Жария мүдделi ұйымның бас бухгалтерi лауазымына кәсiби бухгалтер тағайындалады.
      Ескерту. 9-баптың екінші бөлігі 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап  қолданысқа енгізіледі.

10-бап. Бухгалтерлiк құжаттарға қол қою құқығы

  1. Басшылық немесе дара кәсiпкер бухгалтерлiк құжаттарға қол қою құқығы бар адамдарды анықтайды. Бұл ретте адамның атқаратын лауазымына, ақша сомасының мөлшерiне, операцияның қолданыс аясына және мәнiне қарай қол қою құқығының сатылылығы белгiленуi мүмкiн.
  2. Электрондық қолтаңбаны пайдаланатын дара кәсiпкерлер немесе ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық қолтаңбаны пайдалану және оларға қол жеткiзу құқығына қатысты тиiстi сақтық және бақылау шараларын белгiлеуге тиiс.

15-бап. Қаржылық есептiлiк

  1. Қаржылық есептілікке ұйымның басшысы және бас бухгалтері, дара кәсіпкер қол қояды.
     Бухгалтерлік есебін бухгалтерлік ұйым немесе кәсіби бухгалтер жүргізетін ұйымның қаржылық есептілігіне оның басшылығы, сондай-ақ бухгалтерлік ұйымның басшысы немесе кәсіби бухгалтер қол қояды.
    Бұқаралық мүдде ұйымының қаржылық есептілігіне басшылық және кәсіби бухгалтер болып табылатын бас бухгалтер қол қояды.

Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексінен үзінді

 

238-бап. Жеке тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан

               Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық

               есептiлiк туралы заңнамасын бұзуы

 

  1. Жеке тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасында көзделген мiндеттердi:

1) iрi залал келтiрмеген, бухгалтерлiк есеп жүргiзуден жалтару;

2) бұрмаланған қаржылық есептiлiк жасау, бухгалтерлiк есепте көрсетiлуге жататын деректердi жасыру, сол сияқты iрi залал келтiрмеген бухгалтерлiк құжаттаманы жою;

3) жария ұйымның бас бухгалтерi лауазымына кәсiби бухгалтер сертификаты жоқ адамды тағайындау түрiнде жасалған орындамауы және (немесе) тиiсiнше орындамауы –

бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

  1. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер –

екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

239-бап. Заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк

               есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзуы

  1. Заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын:

1) бухгалтерлiк есеп жүргiзуден жалтару, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi болмаса;

2) құрылтай құжаттарына сәйкес ұйымдардың құрылтайшыларына (қатысушыларына), тiркелу орны бойынша мемлекеттiк статистика саласындағы уәкілетті органға, мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарының құзыреттерiне сәйкес оларға, қаржылық есептілік депозитарийіне көрiнеу анық емес қаржылық есептiлiктi ұсыну, қаржылық есептiлiктi ұсынудан бас тарту, белгiленген мерзiмдi бұза отырып ұсыну не оны дәлелді себепсіз ұсынбау;

3) бұрмаланған қаржылық есептiлiк жасау, бухгалтерлiк есепте көрсетiлуге жататын деректердi жасыру, сол сияқты бухгалтерлiк құжаттаманы жою;

4) қаржылық есептілікке жария мүдделі ұйымның кәсіби бухгалтер болып табылмайтын бас бухгалтерінің қол қоюы түрінде жасалған бұзушылық –

шағын кәсiпкерлiк субъектiлеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екі жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

  1. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет –

шағын кәсiпкерлiк субъектiлеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – екі жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – төрт жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

  1. Қаржы ұйымдарының, арнайы қаржы компанияларының, исламдық арнайы қаржы компанияларының, микроқаржы ұйымдарының, инвестициялық қорлардың және Қазақстан Даму Банкінің операцияларды бухгалтерлік есепте олардың нәтижелерін тиісті түрде көрсетпей           жүргізуі –

заңды тұлғаларға есепке алынбаған соманың жиырма пайызы, бірақ айлық есептік көрсеткіштің кемінде бір жүз және төрт мыңнан аспайтын мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

  1. Қаржы ұйымдарының, арнайы қаржы компанияларының, исламдық арнайы қаржы компанияларының, микроқаржы ұйымдарының, инвестициялық қорлардың және Қазақстан Даму Банкінің қаржылық есептілікті бұрмалауға әкеп соққан, бухгалтерлiк есепті Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген талаптарды және бухгалтерлік есеп әдістерін (қағидаттарын) бұзып жүргізуі –

заңды тұлғаларға тиісінше есепке алынбаған соманың бес пайызына дейінгі, бірақ айлық есептік көрсеткіштің кемінде бір жүз және төрт мыңнан аспайтын мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

240-бап. Бухгалтерлiк ақпараттың құпиясын жария ету

 

Коммерциялық құпияны құрайтын бухгалтерлiк ақпаратты оған қолжетімділігі бар тұлғалардың iрi залал келтiрмей жария етуi –

бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

241-бап. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен

               қаржылық есептiлiк туралы заңнамасында

               белгiленген аккредиттеу қағидаларын бұзу

 

  1. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасында белгiленген аккредиттеу қағидаларын   бұзу –

заңды тұлғаға ескерту жасауға немесе екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

  1. Осы бапта көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

заңды тұлғаға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.